Атырауда алғаш рет жасалған ота

Атырау облыстық ауруханасында алғаш рет «зәр шығару жолының тарылуы» диагнозы бойынша ота жасалды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

«ҚР Президент істері басқармасы медициналық орталығының ауруханасы» урология бөлімінің басшысы Бақтияр Қасымов қазір облыстық аурухана базасында шеберлік сыныптарын өткізіп, ота жасауда.

«Зәр шығару жолының тарылу» диагнозы бойынша облыстық аурухана базасында алғаш рет екі науқасқа ота жасалынды.

– ҚР Президент істері басқармасы медициналық орталықпен жасақталған меморандум аясында Атырау облысына 11-15 желтоқсан аралығында облыстың уролог дәрігерлеріне шеберлік сағаттарын өткізуге келген болатынмын. Қазіргі таңда уролог дәрігерлермен бірігіп 6 ота жасалынып, сәтті аяқталды. Жалпы, лапраскопиялық ота жасау біздің жоспарда бар. Оның бірі – зәр шығару жолының тарылуына жасалған ота болатын. Бұл облыста алғаш рет жасалуда. Шеберлік сағаты алдағы уақытта ота жасаған кезде пайдалы болады деген үміттемін. Барлық облыстық емханалардан келген әріптестерімнің жұмыстарына сәттілік тілеймін, – деді Бақтияр Қасымов.

Сонымен қатар, ҚР Президент істері басқармасы медициналық орталығының ауруханасының гинеколог, хирург, кардиолог, анестизолог, инфекционист, уролог дәрігерлері қазіргі таңда өңір дәрігерлеріне шеберлік сағаттарын өткізуде.

Уролог дәрігерлерінің қатысуымен өткен ота алдағы уақытта облыстық аурухана базасында тұрақты түрде жасалатын болады. Қазіргі таңда науқастар дәрігерлердің бақылауында, отадан кейінгі кезеңнен өтуде.