Атырауда таеквандодан халықаралық турнир басталды

Атырауда Мысырдың мәмүліктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығы аясында және елімізге еңбегі сіңген спортшы, Бейжің олимпиадасының жүлдегері Арман Чилмановтың жүлдесіне арналған таеквондодан жастар мен жасөспірімдер, ересектер мен ардагерлер арасындағы халықаралық турнир басталды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Турнирдің ашылу салтанатына спорт ардагерлері, Бейжің олимпиадасының жүлдегері Арман Чилманов, Дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері қатысып, спортшыларды құттықтады.

– Бүгін III халықаралық турнир басталып жатыр. Жалпы жарысқа қатысушылардың саны 100-ден астам. Аталған халықаралық турнирге еліміздің әр өңірінен келген 10 команда және Ресей елінен бір команда қатысуда. Аталған турнир жоғары деңгейде өтсін. Жарыстың ұйымдастырушылары жергілікті спорт басқармасы мен Атырау таевандо федерациясына алғыс білдіремін. Турнирдің мақсаты – жасөспірімдерге таеквандо спортын насихаттау және осы балаларға мотивация беру. Сонымен қатар, бұл турнир Атырауда алғаш рет ардагерлер арасында ұйымдастырылып отыр. Қатысып жатқан спортшыларға сәттілік тілеймін, – деді АрманиЧилманов.

Айта кетейік, «Жайық» спорт кешенінде өтіп жатқан аталған турнир 15-желтоқсанға дейін жалғасады.