Киікке қатысты 7 құқықбұзушылық анықталды

Биыл Атырау облысында киіктерді аулау, тасымалдау бойынша 7 құқық бұзушылық фактісі анықталды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысқан Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Мереке Шалқаровтың айтуынша, осы жылдың 11 ай қорытындысы бойынша өрескел құқықбұзушылық, оның ішінде киіктерді заңсыз аулау, тасымалдау, сақтау әрекеттері бойынша 7 заңсыздықтың беті ашылған. Аталған қылмыстық істер бойынша құқыққорғау органдары тергеу амалдары жүргізген. Нәтижесінде, 2 фактіде жануарлар дүниесіне келтірілген залал үшін сот 6 млн теңге көлемінде айыппұл салу үкімін шығарды. Ал қалған 5 дерек әлі тексерілуде.

– Инспекцияның негізгі қызметтерінің бірі – облыстағы жануарлар дүниесін қорғау. Осыған байланысты басты мақсатымыз – заңсыз аңшылықтың және киіктердің төлдеу кезінде браконьерлікті болдырмау мақсатында құқыққорғау және табиғат қорғау мекемелерімен тығыз жұмыс жасау. Осы орайда облыстық құқық полицейлнрмен бірігіп жыл басынан бері 32 рейдтік шара жүргізілді. Сондай-ақ, республикалық «Киік» акциясы кезінде Батыс өңірлік филиалы «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі республикалық мемлекеттік қазнашылық мекемесімен біріккен іс-шаралар жүргізілді, – деді М.Шалқаров.

Аталған жұмыстар Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі №593 «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Заңы шеңберінде жүзеге асырылып отыр.

– Инспекция алдағы уақытта да облыстық құқық қорғау және табиғат қорғау мекемелерімен жасақталып біріккен жоспарлар негізінде браконьерлікті алдын алу мақсатында табиғатты қорғау және профилактикалық жұмыстарды әрі қарай жүргізетін болады.

Жалпы, Атырау облысының аңшылық алқаптарының жалпы ауданы – 6 млн гектар. Ал оның ішінде Атырау аңшылар мен балықшылар қоғамына бекітілген алаң әуесқойлық аң аулауды жүргізу үшін ұйымдастырылған аумақ 1256 гектар болады, – деді бас маман.