Мәдениет - 06.12.2023

Атыраулық ардагерлердің арасында «Қос жұлдыз» облыстық ән байқауы өтуде

Атыраулық ардагерлердің арасында «Қос жұлдыз» облыстық ән байқауы өтуде. Іс-шараны Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен облыстық Ардагерлер кеңесі және ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО. 

Байқау халқымыздың әртүрлі жанрдағы өнерін көрерменге ұсыну арқылы, ұлттық дәстүр мен мәдени құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, ардагерлеріміздің өнерлерін көпшілікке үлгі ету көзделген.

Облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов өнерпаздарға сәттілік тіледі.

– Биыл өңір ардагерлеріне арналған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі бүгінгі «Қос жұлдыз» облыстық ән байқауы. Біраз жылдар бұрын қазіргі атақты композиторларымыз өнер әлеміне аяқ басып, шығармаларымен танылған болатын. Олар Қазақстанның Еңбек ері атағының иегерлері Ш.Қалдаяқов пен І.Жақанов ағаларымыз. Аталған тұлғалар арқылы қазақ руханияты мен мәдениетіне жаңа серпілістер енді. Біз осы тұлғалардың шығармалары арқылы көрерменнің талғамын, өнерге деген сұранысын жоғарылатқымыз келеді. Сонымен қатар қазыналы қарттарымыздың өнерлерін үлгі ету, оларға және дәстүрге деген құрмет көрсетуге тиіспіз. Байқауға қатысушы барша үміткерлерге сәттілік тілеймін, – деді Ә.Жоламанов.

Айта кетейік, ән додасында өңірдің зейнет жасындағы 18 өнерпазы жанды дауыста өнер көрсетуде. Сайыстың бірінші кезеңінде қатысушылар Қазақстанның халық әртісі және Еңбек Ері, сазгер, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың бір әнін, ал екінші кезеңде Қазақстанның Еңбек ері, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, сазгер Ілия Жақановтың бір әнін орындауы тиіс.