Тандай ауылында 150 орындық спорт кешені салынып жатыр

Махамбет ауданындағы нысанның құрылысы осы жылдың қазан айында басталды. Бүгінгі таңда жері тегістеліп, монолитті-темірбетонды іргетасы толығымен құйылды. Нысан қажетті құрылыс материалдарымен қамтылған. Сыртқы қабырғаларды керамикалық кірпішпен қабаттау жоспарланып отыр, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың Өңірлік коммуникациялар қызметіне берген мәліметі бойынша, дәл қазір нысан бағандарының арматуралық каркастары толығымен тоқылып, бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Спорт кешенінің ғимараты деформациялық тігіспен бөлінген екі блоктан тұрады.

Кешеннің тапсырыс берушісі облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы болса, бас мердігер мекеме – «Сұнқар Құрылыс ЛТД» ЖШС. Нысанның жалпы ауданы – 2077,12 шаршы метр. Спорт кешенінде әмбебап зал, боксқа арналған зал, күрес залы, жұмыс бөлмелері, көмекші және қызмет көрсетуге – шаруашылыққа арналған  үй-жайлар қарастырылған.

– Спорт зал баскетболға арналған мобильді тіректермен, волейбол торымен және шағын футболға арналған қақпалармен қамтылады. Тренажер залы заманауи жабдықтармен жабдықталса, жүгіру жолы бар кардио аймағы да қарастырылатын болады. Дәрігер кабинеті алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті құралдармен жабдықталады, – деді Н.Құсайынов.

Айта кетейік, аталған спорт кешенін 2024 жылы қараша айына пайдалануға берілу жоспарланып отыр.