Спорт - 17.11.2023

Атыраулық жас спортшылар Ислам Байрамуковпен кездесті

ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Ислам Байрамуков «Олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» КММ және №5 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшыларымен кездесті, деп Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан мәліметке сүйене отырып БАТЫС.ИНФО хабарлайды.

– Біздің Атырауға келген мақсатымыз — салауатты өмір салтын насихаттау, патриоттық сезімді арттыруға шақыру. Осыған байланысты елімізге белгілі азамат, қоғам қайраткері Арман Даулетяровтан форумға қатысуға ұсыныс түскен болатын. Менің спорт саласында жүргеніме біраз болды. Осы аралықта өте көп тәжірибе жинадым. Жас спортшыларға төзімді болыңдар, ізденіңдер, көп жұмыс жасаңдар дегім келеді. Шынайы еңбек етсең ғана жұмысыңның нәтижесін, жемісін көресің. Осы тұста барша спорт саласында жүрген азаматтарға әрдайым сәттілік тілеймін, – деді И.Байрамуков.

Сонымен қатар, кездесу барысында еркін күрес шебері жас спортшыларға ақыл-кеңесін айтып, өз тәжірибиесімен бөлісіп, шеберлік сағаттын өткізді.

Естеріңізге сала кетйік, Ислам Байрамуков еркін күрестен КСРО кубогының иегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дене шынықтыру қызметкері. 2010 жылдан қазіргі уақытқа дейін еркін күрестен ҚР Күрес федерациясы Президентінің кеңесшісі.