Нұрсая ықшамауданында жаңа емхана салынып жатыр

Нұрсая ықшамауданында 250 орындық жаңа емхананың құрылыс жұмысы жүргізілуде, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың мәліметінше, Нұрсая ықшамауданында салынып жатқан үшқабатты емхананың жалпы ауданы – 4709,77 шаршы метр. Мердігер мекеме – «Бекболатовтар Құрылыс Компаниясы» ЖШС.

– Нысанның құрылыс жұмыстары осы жылдың қыркүйек айында басталды. Қазіргі таңда жер қазу жұмыстары жүргізілуде. 250 адамды қабылдайтын емханада ауруларды тексеру және диагностикалау, маман дәрігерлердің консультациясы және халықты сауықтыру бойынша профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылады, – деді Н.Құсайынов.

Басқарма басшысының айтуынша, нысанда келушілерге арналған жалпы бөлме, дәрігерлік практика бөлімшесі, күндізгі стационар, оңалту, профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесі бар. Сондай-ақ консультациялық-диагностикалық көмек бөлімшесі, зертхана, биохимиялық топ, функционалды, сәулелік диагностика, орталық зарарсыздандыру бөлмелері қаралған. Оған қоса әкімшілік-тұрмыстық, қызметтік және шаруашылық бөлімдер болып функционалдық топтарға бөлінген.

Айта кетейік, аталған емхана 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.