Миялыда футзалдан жарыс өтті
Миялы спорт кешенінде «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы», ауыл шаруашылығы саласының ардагері Қоданов Құлмағамбет Қоданұлы атында футзалдан аудандық жарыс өтті. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО хабарлайды.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев, аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Қүлмағамбет Қоданов сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Аталған шараға Миялы, Жангелдин, Жасқайрат, Көздіғара, Қаракөл, Тасшағыл, Тайсойған, Сағыз, Мұқыр ауылдарынан 90-ға жуық спортшы қатысты.
Жарыс нәтижесі бойынша І орынды Миялы ауылының командасы иеленсе, Көздіғара ауылының командасы финалда сүрініп, күміс медальды қанағат тұтты. Ал ІІІ орын Сағыз ауылының командасына бұйырды.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік қорғаушы болып Ораз Жәнібек (Сағыз а/о) танылды. Сондай-ақ, Кенжеболат Ақжомарт (Көздіғара а/о) үздік шабуылшы атанса, «Үздік қақпашы» деген атқа Хами Төлеген (Миялы а/о) лайық деп танылды.
Жарыс жеңімпаздарына демеушілер атынан кубок, диплом, медаль және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.