Мүгедектігі бар 15 708 адамға әлеуметтік қызмет көрсетілген
Биыл Атырау облысында мүгедектігі бар 15 708 адам әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етілді. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО хабарлайды.
Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлеғариеваның айтуынша, биыл мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында 17 901 өтініш түскен. Оның 15 708-і, яғни, 87,7% әлеуметтік қызметтер порталы арқылы құралдармен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етілген.
– Облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауды қамтамасыз ететін 73 инватакси қызмет көрсетеді. Олардың 14-і арнайы жабдықталған, ал 59-ы жабдықталмаған. Жыл басынан 73 инватаксимен 1775 қозғалуда қиындығы бар мүгедектерге 136 386 тасымал жасалды. Сондай-ақ, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүгедектігі бар адамдарға 259 әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысанын бейімдеу жоспарланып, оның 104-і жүзеге асырылған, – деді А.Төлеғариева.
Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша барлық санаттағы мүгедектігі бар жандар саны 24 619 адамды құрайды. Оның ішінде, I топта 2289 адам, II топ бойынша 8835 және III топта 9321 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Ал мүмкіндігі шектеулі балалар саны – 4174.
Қазір облысымыз бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «Облыстық мүгедектерді сауықтыру орталығы» мен «№3 Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Бұл мекемелерге барлығы 1378 адам тұрақты түрде жүгінеді.