Қызылқоғалық мекемелер жаңа көліктерге ие болды

Бүгін Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы Қызылқоға аудандық ауруханасы, Қызылқоға, Тайсойған, Сағыз, Мұқыр дәрігерлік амбулаториялары мен орталық кітапханаға су жаңа «ГАЗель соболь» автокөлігінің кілтін салтанатты түрде табысталды. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО хабарлайды.

Автокөлік кілттерін табыс ету салтанатты шарасына аудан әкімі Қанат Әзмұханов, мекеме, бөлім басшылары, аурухана қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

– Құрметті медицина саласының қызметкерлері және аудан тұрғындары. Барлықтарыңызға аудан әкімі сайлауында қолдау білдіріп, сенім артқандарыңызға көптен-көп рахмет айтамыз. Бүгінгі күн – сіздер үшін қуанышты күн. Тұрғындарға сапалы әрі жедел қызмет ету жолында техниканың да озық болғаны абзал. Табысталғалы тұрған жедел жәрдем көлігі аудан халқы үшін жедел және шұғыл медициналық көмекті уақтылы көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оқырмандармен тығыз байланыста болуы үшін аудандық орталық кітапханаға да автокөлік табыстаймыз, – деді аудан әкімі Қанат Әзмұханов.

Жедел жәрдем көлігі толықтай заманауи құрылғылармен жабдықталған. Ішінде науқасқа арналған жататын орыннан бөлек алғашқы медициналық көмек көрсетуге үшін қажетті құрал-жабдықтар орнатылған.