2024 жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 мектептің құрылысы басталады
Биыл Атырау облысында «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы ұлттық жобасы аясында жоспарланған 12 мектептің ішінде 9 мектептің құрылысы жүргізілуде. Аталған 12 мектептің сегізі Атырау қаласына, екеуі Құрманғазы ауданына, қалған екеуі Жылыой және Қызылқоға аудандарына тиесілі. Сонымен қатар, 2024 жылы 3 мектептің құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланған. Бұл туралы Атырау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов мәлім етті.
Бүгінде қаладағы үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу үшін Бином мектептері пайдалануға берілген. Биыл білім беру саласы бойынша 5 мектептің құрылысы аяқталып, 2 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
— Биыл 9 мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсам, Атырау қаласы, Сарыөзек ауылындағы 300 орындық орта мектеп, Құрманғазы ауданының Ақкөл және Құрманғазы ауылдарындағы 600 орындық орта мектеп. Сонымен қатар, Атырау қаласы, Жұлдыз-2 және Жұлдыз-3 ықшам аудандары мен Ақсай-2 ауылындағы 900 орындық орта мектеп. Оған қоса, Водников, Береке ауылдары және Құлсары қаласында орналасқан Атырау шағын ауданындағы 1200 орындық орта мектеп, — деді Н.Құсайынов.
Сондай-ақ, былтыр қараша айында Исатай ауданы, Аққыстау селосындағы 250 орындық өнер мектебінің құрылысы басталған, қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Ол 2024 жылдың маусым айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
— Бұдан бөлек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында үш мектептің құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз. Нақтырақ айтсам, ол Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылындағы 600 орындық орта мектеп, Атырау қаласы, Зарослый және Самал шағын аудандарындағы 2 мың орындық орта мектеп,- деді басқарма басшысы.
Дереккөз: БАТЫС.ИНФО