Қ.Нұртаев: облыстық ТЖД ғимараты көшіріледі

Атырауда Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында 19 қазан — Құтқарушылар күніне орай мерекелік іс-шара өтті.

Аталған шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, облыстық ТЖД бастығы Нұрлан Жанабаев және құтқарушы қызметкерлер мен сала ардагерлері қатысты.

Іс-шара сала қызметкерлері үшін жағымды жаңалықпен басталды. Аймақ басшысының орынбасары облыстық ТЖД басқа ғимаратқа көшетінін хабарлады.

— Азаматтық қорғау қызметкерлерін бүгінгі төл мерекесімен облыс әкімінің атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер. Төгілген тер, еткен еңбектеріңіз еселене берсін! Атырау облысының әкімдігі жергілікті ТЖД-мен қоян-қолтық қызмет атқаруда. Нәтижесінде биыл лизинг бойынша 30 техника, облыстық бюджеттен 5 техника сатып алынды. Облыс көлемі бойынша 4 модульді өрт сөндіру бөлімдерінің құрылысы жүріп жатыр. Қаламызда орналасқан ТЖД ғимараты ескі екенін білеміз. Осыны ескеріп, Азаттық көшесінде орналасқан бұрынғы полиция департаментінің ғимаратына облыстық ТЖД-ні көшіру шешімі шығарылды,- деді Қ.Нұртаев.

Сала қызметкерлерін облыстық ТЖД бастығы Нұрлан Жанабаев та құттықтады. Бар мақсаты азаматтарды құтқару болатын қызметкерлерге, әр тапсырмадан соң отбасыларына аман-есен оралуларын тіледі.

Айта кетейік, салтанатты шарада адал қызметтері үшін бірқатар құтқарушыға «Құтқарушы» төсбелгісі мен ТЖ министрлігінің, Атырау облысы әкімінің, ТЖД-нің алғыс хаттары табыс етілді. Олардың ішінде, биыл орын алған «Ақжайық» резервуатындағы қамыс өртінде антына берік болған қызметкерлер де бар.

Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.