Ақкөл ауылында электр желілері жүргізіліп, көше жарығы орнатылуда
Биыл тамыз айынан бастап Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Ақкөл ауылында 54 шақырым электр желілері мен көше жарығы және жаңа 35/10 кВ «Ақкөл» қосалқы станциясының құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ақкөл ауылын электр желісімен жабдықтау құрылысы 2021 жылдың қазан айынан басталған болатын. Бас мердігер мекеме «Айком LTD» ЖШС болып, құрылыс мерзімі 9 айға жоспарланған. Сондай-ақ, бірінші жоба бойынша 21,3 шақырым электр желілері мен көше жарығының құрылысы қарастырылған.
Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту бөлімінің басшысы Динара Қуанышеваның айтуынша, өткен жылы жобаға түзетулер енгізілуіне сәйкес құрылыс жұмыстары тоқтатылған. Жобалау-сметалық құжаттама өзгертіліп, биыл тамызда жұмыс қайта басталған.
— 2021 жылы ұсынылған жобада «Атырау Жарық» АҚ-мен берілген техникалық шартқа сәйкес электр желісінің қосылу нүктесі 35/10 кВ «Дәшін» қосалқы станциясы болатын. Алайда, тұрақты электр қуатымен қамту және ауылдың даму перспективасын ескере отырып, «Дәшін» қосалқы станциясы жанынан жаңадан қосалқы станция салу қажеттілігі туындады. Осыған орай өткен жылы жобаға түзетулер енгізу үшін құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер жасалып, осы жылдың 28 шілдесінде сараптаманың оң қорытындысы алынды. Электр желісі мен көше жарығының құрылысы тамыз айынан бастап қайта іске асырылуда, — деді Д.Қуанышева.
Айта кетейік, биыл бұл іс-шаралар үшін жергілікті бюджеттен 300 млн. теңге қаражат бөлінген. Бүгінде ауылішілік 150 электр бағанасы орнатылды. Нысанның құрылысын аяқтау жұмыстары 2024 жылдың мамыр айына жоспарланып отыр.