Атырауда 20 мыңға жуық адам тұмауға қарсы екпе алды
Өңірде биыл 1-15 қазан аралығында жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) 9119 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 5967 жағдай (65,4%), 3152 ересектер арасында, жүкті әйелдер арасында 44 жағдай (0,7%).
— Тұмаудың жыл сайынғы маусымдық вакцинациялау жұмыстары 2023 жылдың 1 қазанынан барлық облыстың емханаларында басталды. Сатып алынған вакцинамен ақысыз түрде халықтың осал тобына жататын, яғни медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйі мен сәбилер үйінің балалары, қарттар үйінің контингенті, жүкті әйелдер эпидемиологиялық көрсетілімдері бойынша тұмауға қарсы вакцинацияланды,-деді Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы А.Сәрсенғалиева.
Оның айтуынша, бүгінде облыс бойынша тұмауға қарсы 19650 адам екпемен қамтылған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны — 3966 (20,1%), ересектер — 15684 (79,8%), жүкті әйелдер — 881. Екпеден кейін асқынулар тіркелмеген.
Айта кетейік, жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың эпидемиялық маусымы биыл қазан айынан 2024 жылғы мамырға дейін созылады.