Қосшағыл интернатының тәрбиеленушілері шеберлік сағатына қатысты

Құлсары қаласының балалары ай сайын ақысыз түрде түрлі шеберлік сағаттарына қатыса алады. Жуырда осындай шеберлік сағаты Жылыой ауданының Қосшағыл селосындағы интернаттың тәрбиеленушілеріне де өткізілді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

— Біздің мекемеде аз қамтылған отбасынан шыққан балалар, жартылай жетім балалар және ата-ана қарауынсыз қалған балалар оқиды. Кез-келген бала үшін ішкі сезімдерін сыртқа шығару үшін, ойы бөлініп, рухани демалу мақсатында осындай іс-шаралар маңызды. Осы жолы 30 баланы тіркедік, алдағы уақытта да басқа тақырыптағы шығармашылық сағаттарына қатысамыз деп үміттенеміз, деді мектептің әлеуметтік педогогы Гүлнар Таласбаева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шығармашылық шеберлік сабақтары кезінде мектеп оқушылары қиял мен зейінділікті, шыдамдылықты дамыта алады. Бала әр түрлі түстерді үйлесімді түрде араластыруды үйренеді, ұсақ моторикасын дамытады, бұл оның ойлауына, есте сақтау қабілетіне оң әсер етеді.

— Шығармашылық — балаларға әлемді тануға, өзін-өзі тануға, стресс пен қорқыныш секілді жағымсыз эмоциялардан арылуға көмектесетін тамаша терапия түрі. Біздің кездесулерімізде балалар эксперимент жасай алады, жаңа достар табады, сол арқылы жаңа ортаға бейімделуі де жақсарады. Шығармашылық сағаты туралы ақпарат жобамыздың @teniz_juregi парақшасында жарияланады. Кез-келген ата-ана баласын шараларымызға тіркей алады, — деді жоба координаторы Гаухар Науарова.