Атырау қаласында 1 мыңға жуық жаңа жол белгісі орнатылды
Атырауда жыл басынан бері жол-жүріс қозғалысын таңбалы түрде реттейтін, 1 мыңға жуық жаңа жол белгісі орнатылған. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алмас Сәрсенов мәлім етті.
— Атырау қаласына және қалаға қарасты елді мекендегі автокөлік жолына және жаяу жүргіншілерге арналған жол белгілерді орналастыру Атырау облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы нұсқамасына сәйкес орындалады,- деді А.Сәрсенов.
Оның айтуынша, жаңа жол белгілері пайда болған уақытта әлеуметтік желілерге міндетті түрде жарияланады.
Сондай-ақ, облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын қолдану ережелері, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2017 жылғы 10 қазан № 274-од бұйрығымен бекітіліп, қолданысқа енгізілетінін атап өтті.
— Жаңа жол белгілерін орнатып немесе жаңарту жұмыстары №1412-2017 «Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары» туралы Қазақстан Республикасының стандартына сәйкес жүргізіледі. Жол белгілері табиғат күштері немесе жол-көлік апаттары әсерінен жарамсыз болған жағдайда, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне нұсқаулық береміз, — деді М.Ердәулет.