Атырауда 40 бірлік құлақтандыру жүйесі мен құрал-жабдықтар сатып алынады
Биыл «Атырау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына» сәйкес, облыста жергілікті бюджет есебінен халықты төтенше жағдайлар кезінде құлақтандыру жүйелерімен жарақтандыруға 407 млн. 700 мың теңге қаржы бөлінген.
Атырау облысы ТЖД ақпараттандыру, цифрландыру және байланыс бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Дастан Есбосынов облыс елді мекендерін төтенше жағдайлармен хабардар ету үшін 40 бірлік құлақтандыру жүйесі мен басқа да құрал-жабдықтар сатып алынатынын атап өтті.
— Халықты төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі басты іс-шаралардың бірі — оны табиғи және техногендік сипаттағы қандай да бір қауіпті факторлардың туындауы немесе туындау қатері туралы дер кезінде хабардар ету. Осыған орай, қазір облыстық деңгейде халықты хабардар ету жұмыстары бойынша 40 бірлік құлақтандыру жүйелері және құрал-жабдықтар сатып алынбақ. Аталған іс-шараны жүзеге асыру барысында биыл шілде айында мемлекеттік сатып алу шарттарына сай конкурстық рәсімдер өткізілді. Қыркүйек айында конкурс қорытындысымен Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментіне құлақтандыру жүйесін сатып алу бойынша «ТКПС-Казахстан» ЖШС мекемесі жеңімпаз атанып, жұмыстар жүргізуде,-деді Д.Есбосынов.
Оның айтуынша, Құрманғазы және Қызылқоға аудандарының елді мекендеріне құлақтандыру жүйелерін биыл желтоқсан айына дейін орнату жоспарланған.
Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша 114 бірлік құлақтандыру жүйесі жұмыс істеп тұр, бұл жарақтандырудың 41,5% құрайды. Сондай-ақ жүйелерді жаңғырту үшін өткен жылы жергілікті бюджет есебінен жалпы сомасы 312 млн. 667 мың теңге бөлінген. Оған Атырау қаласы үшін тікелей телерадио хабарларын таратуды ұстап алу жабдығының бір жиынтығы және 31 бірлік, оның ішінде Жылыой ауданы 13 бірлік, Мақат ауданы мен Исатай ауданында 9 бірліктен құлақтандыру жүйелерінің жабдығы сатып алынған.