Атырау облыстық балалар ауруханасы жаңа құрылғымен толықты
Атырау облыстық балалар ауруханасы краниотом құрылғысымен толықты. Құны 17 миллион теңге тұратын, жинақы, тасымалданатын құрал «ExxonMobil» мұнай компаниясының демеушілік қаражаты есебінен сатып алынған, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Краниотома – бас сүйекті бұрғылау және алынбалы сүйек қақпағын жасау үшін қолданылатын әмбебап хирургиялық құрылғы. Оның көмегімен миға оңай қол жеткізуге және қойылған диагнозға байланысты қан ұю мен ісікті жойып, қан тамырларын қалпына келтіруге болады.
Аталған құрылғыны «Тауасар групп» ЖШС өкілі Әлішер Дәрібаев аурухананың нейрохирург дәрігері Шодер Ариповке табыстады.
— Дәрігерлердің жұмысында жақсы құрал-жабдықтармен оталар мінсіз атқарылады. Өйткені, бас сүйектің отасы кезінде заманауи технологияның маңызы ерекше. Нейрохирургияда құрылғысыз жұмыс жасау өте қиын. Ал медициналық технологиялардың арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізіледі. Ең қиын деген оталарды осы аспаптың көмегімен оңай жасауға мүмкіндік бар. Себебі, бұл құрылғы жарақатты азайтады, — деді Ш.Арипов.
Айта кетейік, өңірде орта есеппен бір айда балалардың бас сүйегіне 5-6 ота жасалады. Биыл тоғыз айда бас сүйек пен омыртқаға 56 ота жүргізілген. Оның 12-сі жоспарлы болса, 44-не шұғыл жағдайда жасалып отыр.