Жылыойда шағын бизнесті қаржыландырудың жаңа бағдарламасы іске қосылды
«Таңдау» деп аталатын жобаны Жылыой ауданын дамыту бағдарламасы шеңберінде «Теңізшевройл» ЖШС қаржылық қолдауымен Орталық Азияның Еуразия қоры пилоттық режимде іске асыратын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова атап өткендей, жоба аудандағы шағын бизнеске екінші дем береді.
— Бүгін ауданымызда кәсіпкерлерді қолдауға арналған тағы бір жоба басталғалы отыр. Бұл жоба кәсіп бастауға ниетті және кәсібін дамытқысы келетін Жылыой ауданының тұрғындарына, кәсіпкерлеріне арналған жоба. Баршаңызды осы жобаға белсене қатысуға шақырамын,- деді ол.
Іс-шараға 100-ге жуық адам қатысты. Ал «Тандау» жобасының координаторы Алтынгүл Атабаева, бұл жоба жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін ғана емес, қандай да бір себептермен жұмыссыз қалғандар үшін де тамаша мүмкіндік екенін жеткізді. Оның айтуынша, жылыойлықтар өз істерін ашып, отбасыларын қамтамасыз етіп қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын құра алады.
Жобаға Жылыой ауданындағы жеке кәсіпкерлік немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік иелері ғана қатыса алады. Талап бойынша соңғы 5 жыл ішінде ауданда өз қызметін жүзеге асыратын, оң кредиттік тарихы бар және салықтық немесе басқа да берешегі жоқ тұрғындар болуы керек. Сонымен қатар, кәсіпорын алкоголь, темекі өнімдерін және ойын қызметін қолдамауы қажет. Барлық іріктеу критерийлерімен жобаның сайтында (www.ef-ca.kz) танысуға болады. Жалпы конкурстық іріктеу екі кезеңде өтеді. Бірінші кезеңде конкурсқа қатысушы өзінің бизнес-жобасы туралы екі минутқа дейін толық толтырылған өтінім мен бейнені ұсынуға міндетті. Бірінші кезеңнің жеңімпаздары екінші кезеңге өтеді, онда сараптама комитеті оқытудан өтіп, алдын ала бағалау үшін бизнес-жоспарлар дайындайды. Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша 30 үміткер сараптама комитетінің алдында өздерінің бизнес-жоспарларын таныстыра алады.
Конкурстық іріктеу жеңімпаздарына жабдықты сатып алуға пайызсыз қаражат беріледі. Жабдықтың өзі ақшаны қайтарудың кепілі болады, яғни шығындар өтелмеген жағдайда сатып алынған техника алынады. Ақшаны қайтару 6 айлық несиелік демалыстан кейін басталуы керек.
Жабдықты сатып алуға арналған қарыз мынадай мөлшерде бекітілді: яғни стартап (жас) жобалар үшін 2,5 млн. теңгеге дейін. Мұнда өз қызметін бір жылға дейін жүзеге асыратын кәсіпкерлер қатысады. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін 4,5 млн. теңгеге дейін беріледі.
— Бүгін біз өзімізді мазалаған сұрақтарға жауап алдық. Біздің ауданды дамыту қажет. Мен жеке өзім ауданда өте танымал емес бизнес салаларын дамытуды бастау үшін келдім. «Тандау» жобасына қатысамын және табысқа жетемін деп үміттенемін. Атап айтқанда, өз ісімді ашып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етемін. ТШО компаниясы біздің жергілікті тұрғындар үшін жақсы мүмкіндік беруде,- деді аудан тұрғыны Гүлфайруз Бекболатова.