Биыл Атырауда 85 браконьерлік аулау дерегі анықталған
Бүгінде Каспий теңізінің биологиялық байлығын қорғауға бағытталған рейдтік іс-шара жүргізілуде. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Атырау облысы бойынша департаменті Жағалау күзеті дивизионының электромеханикалық бөлімі бастығының уақытша міндетін атқарушы Гамзат Байбосынов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жыл басынан бері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жергілікті Шекара қызметі Атырау облысында 85 браконьерлік аулау дерегін анықтаған. Іс-шара барысында 35 мыңға жуық балық табиғи мекендеу ортасына қайта жіберілді.
Сондай-ақ, 27 қыркүйекте ҰҚК Шекара қызметінің құрамындағы Жағалау күзеті дивизионынын «Досан батыр» шекара катері жалпы ұзындығы 17500 метрден асатын браконьерлік аулау құралдарын тәркілеген.
— Тосқауыл барысында 760 келі бекіре тұқымдас балық, 2550 келі қара балық табиғи мекендеу ортасына жіберілді. Ал мемлекет меншігіне кері қайтарылған қаражат 273 млн. 639 мың 750 теңгені құрайды,-деді Г.Байбосынов.
Айта кетейік, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 745 млн. 221 мың 905 теңге мемлекет меншігіне қайтарылған.