Атырауда бау-бақша қоғамдастығының тұрғындары партиядан көмек сұрайды
Атырау ауылдық округі құрамындағы бау-бақша қоғамдастығының тұрғындары өздеріне жоғары кернеулі электр бағаналарынан қауіп төніп тұрғанын айтады. Өйткені кейбірі ескіріп, құлаудың аз-ақ алдында тұр. Әсіресе балалар үшін алаңдаймыз, дейді олар. Округ, қала әкімдігінен көмек болмаған соң тұрғындар «Қазақстан халық партиясының» жергілікті филиалына келіп, қол ұшын созуды сұраған.
Партия мүшелерімен өткен жиналысқа Атырау ауылдық округінің әкімі де қатысты. Ол бағаналарды қауіпсіз жерге көшіру үшін тендер жарияланғанын мәлімдеді. Бюджеттен 40 млн. теңге де бөлінген. Алайда, жұмысты атқаруға ниетті мердігер жоқ. Себебі, бөлінген қаражат аз көрінеді.
Округ әкімі Нұрлан Халмурзиннің айтуынша, мердігер анықталған жағдайда да атқарылар жұмыс келесі жылға қалады. Себебі жылыту маусымы басталатын күн алыс емес. Сондықтан, бау-бақша тұрғындарының күтуден басқа амалы жоқ. Одан бөлек, тұрғындар жол мен әлеуметтік нысандар мәселесін де қозғады. Осы орайда, қалалық білім беру бөлімі әкімдікке Зарослый ауылынан 280 орындық балабақша салу қажеттігі туралы ұсыныс беріпті. Ал 600 орындық мектеп туралы ұсынысқа қала басшылары «жер жоқ» деп жауап берген көрінеді.
Жиын соңында партиялықтар тұрғындардың мәселелерін бірте-бірте шешілуі үшін жұмыстанатындықтарын айтты.