Облыс әкімі Шоқпартоғай ауылының тұрғындарымен кездесті
Бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Жылыой ауданы, Қара арна ауылдық округі, Шоқпартоғай ауылына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті.
Жиында аймақ басшысы ауыл азаматтарын Жылыой ауданының 95 жылдығымен құттықтап, кейін Қара арна ауылдық округінде жүріп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Серік Шәпкенов тұрғындармен өткен мұндай кездесу елді мекендерді дамытуға, алға қойған жоспарды нақтылауға, өңірді өркендетуге оң әсерін тигізіп, өз нәтижесін көрсетіп жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, мұнда айтылған әр мәселеге байланысты қабылданған шешімдер тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталатынын айтты.
Қара арна ауылдық округіндегі басты мәселе — ауылішілік жолдарды салу.
— Биыл осы аудандағы 5 елді мекен бойынша ауылішілік автомобиль жолын салу жұмыстары басталды. Құрылыстың жүру барысына өздеріңіз куә боп келесіздер. Жол салу процесі кезінде қиындықтар болды. Алайда оны облыс деңгейінде шешіп, тезірек құрылысты аяқтауға қолдау көрсетіп жатырмыз. Қара арна ауылдық округінде жүріп жатқан 3,4 шақырым тас жол құрылысының мердігері — «Казкомсервис» ЖШС-і. Шоқпартоғайдағы ауылішілік автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жұмыстарына қазіргі уақытта түзету жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар биылғы жылдың соңында аяқталады. Алдағы екі жылдың ішінде Жылыой ауданындағы жол салу мәселесі толық шешіледі,-деді С.Шәпкенов.
Кездесуде тұрғындар ауылдағы өзекті мәселелерді айтып, ұсыныс-пікірін жеткізді. Ауыл халқы ауылішілік тас жолын, ойын алаңын, спорт кешенін және демалыс саябағын салу, теміржол көпірі астынан су реттегіш шлюз жүргізу сынды мәселелерді көтерді.
Кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, мәселелерін сала мамандарымен бірге қарады. Облыс әкімі азаматтар көтерген әр мәселе өзектілігіне қарай заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
Анықтама үшін: Қара арна ауылдық округінде 3 130 адам тұрады. Мұнда мектеп, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория сынды әлеуметтік нысандар бар.