Азия ойындарына қатысатын ең жас спортшы — атыраулық таеквондошы
Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін жазғы Азия ойындарына қатысатын атыраулық спортшылардың тізімдері жариялануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметі хабарлайды.
Аспан асты елінде өтетін дүбірлі додада таеквондодан ел намысын қос аруымыз қорғамақ. Олардың бірі — құрамадағы ең жас спортшы Мария Севостьянова. Ол бар болғаны 17 жаста. Жас спортшы осы уақытқа дейін жастар арасындағы Азия чемпионатының, Словения Open, Turkish Open додаларында жүлдегері, таеквондодан ҚР Кубогі додасында чемпион атанып үлгерген.
Сонымен қатар, таеквондодан ҚР Кубогі чемпионы, жерлесіміз Нұрай Хұсайнова Азия ойындарына жолдама алды. Ол Словения Open додасының жүлдегері, 2023 жылғы «Франция Open G1» сайысының чемпионы.
Айта кетейік, су добынан Қазақстан құрамасында жерлесіміз Егор Белоусов ел намысын қорғамақ. Егор құрама сапында қорғаушы позициясында ойын көрсетпек. Атырау қаласының тумасы су добымен 7 жасынан бастап айналысып келеді. Е.Белоусовтың қоржынында Азия мен Қазақстан чемпионатының жүлделері бар.
Ескерте кетейік, Азия ойындары Қытайдың Ханчжоу қаласында 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтеді. Өз тарихында 29-шы мәрте жалауын көтеретін Азия ойындарында 40-тан астам спорт түрінен жүлделер сарапқа салынады. Құрлық біріншілігіне 45 мемлекет қатысады деп жоспарланып отыр.