Атыраулық арулар Азия ойындарына қатысады

Дзюдодан Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасының тізімі жарияланды. Тізімде атыраулық 2 спортшы бар. Олар — 48 келі салмақ дәрежесіндегі Әбиба Әбужақынова мен 63 келідегі Эсмигул Куюлова. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Жылдың басты додасы саналатын жарысқа құраманы жасақтау оңайға түспеген. Себебі, қазіргі таңда барлық салмақ бойынша бәсеке өте жоғары. Ұлттық құрама спортшылары биыл жыл басынан бері қатысқан Гран-при, Grand Slam сынды ірі әлемдік жарыстардағы нәтижесіне қарай іріктеліп алынған.

Еске салайық, Әбиба Әбужақынова дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР-ның бірнеше дүркін жеңімпазы, Азия чемпионатының күміс, Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Гран-при, Grand Slam халықаралық жарысының бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. Ал Эсмигул Куюлова дзюдо күресінен спорт шебері, жастар арасында Азия чемпионы, Еуропа кубогының жеңімпазы.

Айта кетейік, Азия ойындары 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытай елінің Ханчжоу қаласында өтеді.