Атырауда қала күніне орай марафон өтеді

Атырауда 24 қыркүйекте қала күніне орай «Atyrau Marathon-2023» марафоны өтеді, деп хабарлайды «Батыс-Инфо»

Биыл үшінші рет ұйымдастырылатын спорттық іс-шараға қатысуға 1400 адам өтініш берген. Ұйымдастырушылар қатысушылардың саны былтырғымен салыстырғанда көбейгенін айтады. Сондай-ақ, өзге облыс тұрғындарының да қызығушылығы артқан. «Биыл қатысушылардың 30 пайызы басқа өңірден келгендер»,-дейді ұйымдастырушылар.

Спортшылар 4 қашықтық бойынша жарысады: 5, 10, 21.1, 42.2 шақырым. Барлық қатысушыға естелік сыйлықтар табысталады. Ал, жеңімпаз ерлер мен әйелдер 6 жас санаты бойынша ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Жарыстың жалпы жүлде қоры — 6 млн теңге.

Марафонға байланысты 24 қыркүйек күні, сағат таңғы 7-ден түскі сағат 14:00-ге дейін облыстық әкімдік алдындағы Бейбарыс сұлтан алаңынан бастап Нұрсая ықшам ауданындағы «Сұлтан Палас» қонақ үйіне дейінгі аралықта көлік қозғалысы тоқтатылады.

 

Фото atyraumarathon.kz сайтынан алынған