Махамбет Досмұхамбетов ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын қабылдады
Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ғұмар Дүйсембаев пен Сағындық Лұқпановты қабылдады. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Өңір басшысы халық қалаулыларымен облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы пікірлесті.
Махамбет Досмұхамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңесте берген тапсырмаларының жүзеге асырылу жолдарын мәлімдеді.
– Атырау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының жобасы дайындалды. Осы жоспар аясында ауқымды жұмыстар жасалғалы тұр. Өнеркәсіп орындары ашылып, ірі құрылыс нысандары бой көтермек. Өңірдің ең өзекті мәселелеріне қатысты түйінді мәселелер шешімін тауып, көптеген әлеуметтік нысандар салынып, автокөлік жолдары салынып, жаңғыртылады. Мұның барлығы облысымыздың дамуына тың серпін берері сөзсіз, – деді Махамбет Досмұхамбетов.
Айта кету керек, Сенат депутаттары осымен биыл Атырау облысына екінші мәрте сапарлап отыр.