Кешенді жоспар – Атырау өңірінің дамуына кепіл

Атырау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының жобасын талқылау мен жүзеге асыруға қатысты жиын өтті. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.

Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен кеңесте облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттың депуттары, сондай-ақ облыстық қоғамдық кеңестің өкілдері қатысты. Облыс әкімі жуырда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты онлайн форматта өткен кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты жеті бағыт бойынша тапсырмалар бергенін атап өтті. Сондай-ақ Атырау облысының ел экономикасындағы маңызды рөліне тоқталды. «Десек те өңірде шешімін күткен мәселелер баршылық. Біз халықты толғандыратын осы мәселелерді көтеріп, мемлекет басшысынан олардың шешілуіне ықпал етуін сұрадық. Ұсыныстарымыз тиісті қолдау тауып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Атырау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының жобасы дайындалды»,- деген аймақ басшысы бұл құжаттың маңыздылығын жан-жақты атап өтті.

Оның сөзінше, кешенді жоспар өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіп кешенін, туризм саласын дамытуға соны серпін береді.

Энергетика және экология саласындағы қордаланған мәселелерді шешуге ықпал етеді. Өңірдегі өзекті деген проблемалар алдағы жылдары түбегейлі шешіліп, халықтың әл-ауқаты артады. Атап айтқанда, алдағы бес жылда өңірге 9,6 триллион теңге инвестиция тартылмақ. 125 шақырым жолды қайта жаңғыртып, 600 шақырымнан астамын жөндеу жоспарлануда. 16 медициналық нысан, 4 спорттық кешен мен дарынды спортшы балаларға арналған мектеп-интернат салынбақ.

Өз кезегінде сөз алған облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұржан Ермұханов өңірді дамытудың бұрын-соңды болмаған кешенді жоспары дайындалғанын халық үлкен қуанышпен қабылдағанын атап өтті.

– Кешенді жоспар аясында өңірімізде дарынды балаларға арналған спорт интернаты бой көтеретіні мені ерекше қуантып отыр. Мен бұл мәселені жылдар бойы көтеріп келдім. Тіпті, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы ретінде де талай қозғадым. Жылдар бойғы сол арман енді орындалайын деп тұр. Егер заманауи үлгіде спорт мектебі салынса, бұл келешекте балалардың психологиялық және физиологиялық дамуына, спорт саласында үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді. Ол жерден облыс абыройын ғана емес, Олимпиадаларда ел намысын қорғайтын жеңімпаздардың шығарына сенемін. Бұл талантты жастарға жасалатын жағдай, – деп, Н.Ермұханов кешенді жоспарды жүзеге асыруға барлық саналы азаматтарды белсенді атсалысуға шақыратынын жеткізді.

Облыстық мәслихаттың депутаты, «Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұханов болса, алдағы жылдары салынатын 37 мектеп пен 3,5 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй үш аусымды оқыту мен баспана мәселесін түбегейлі шешеді деген ойын жеткізді.

– Өңірдің қордаланып қалған проблемаларын шешіп, Атырау халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді жоспардың аудан-ауылдарға дейін шапағаты тиеді. Ел игілігі үшін жасалғалы отырған ауқымды іске сәттілік тілейміз және депутаттар корпусы өз тарапынан тиісті қолдау жасайды, – деді І.Баймұханов.

Жиын соңында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов «Алда тұрған мәні зор кешенді іс-шараларды жұмыла жүзеге асырып, өңірімізді бірге гүлдендірейік!» деді.