«Атырау» ФК: 5 ойын – 1 ұпай
Футболдан Қазақстан чемпионатының 5-турында жергілікті «Атырау» командасы талдықорғандық «Жетісуды» қабылдап 2:2 есебімен тең ойнады.
Кездесудің фавориті саналған қонақтар бірінші таймда-ақ гол соғып, алға шықты. Гол авторы – Бауыржан Тұрысбек. Одан кейін қос команда сапалы шабуыл жасауға тырысқанмен, екінші таймға дейін есеп өзгермеді. Дегенмен 68-минутта алғашқы голдың авторы есепті еселеп, алаң иелерін абдыратып тастады. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, ойынның 71-минутында «Атырау» сапынан Дәурен Мәжитов алаңнан қуылды.
76-минутта жергілікті футболшылардың бағына орай, жетісулық футболшы өз айып алаңында қолмен ойнап, төреші қонақтар қақпасына пенальти белгіледі. Онбірметрлікті сәтті орындаған Кунич есепті қысқартты. Ал ойын бітер тұста Асхат Балтабеков өз қақпасына гол соғып алып, қолда тұрған 3 ұпайдан айырылып қалды. Қорытынды есеп 2:2.
Осы ойынның алдында жанкүйерлермен кездескен «Атырау» футбол клубының басшылығы жеңіске уәде берген еді. 3 ұпай ала алмаған жағдайда орнын босатуға дайын екендерін де жеткізді. Жағдайдың қалай боларын ертең білетін боламыз.
Турнир кестесіне көз жүгіртсек, «Атырау» 5 ойыннан 1 ұпай ғана еншілеп, 14 команданың ішінде 13-орында тұр. Барлық матчты қосқанда 5 гол соғып, 13 гол жібергенін де еске саламыз.