«ЖОО үздік оқытушысы – 2020» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Еліміздің 46 жоғары оқу орнынан 150 адам «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды. Бұл туралы ҚР БҒМ хабарлайды.

Олардың әрқайсысы 2 000 АЕК көлемінде грант жеңіп алды. Үміткерлерді іріктеу және құжаттарды тексеру рәсімі алғаш рет онлайн форматта өткізілді.

– Пандемия кезінде еліміздің жоғары білім беру жүйесі маңызды сынақтан өтіп, жоо-лардың жұмысы жақсы деңгейде ұйымдастырылды. Қандай да бір қиындықтар мен қолайсыздықтарға қарамастан, оқытушылар бұл жағдайға тез бейімделді. Бүгінгі таңда біздің алдымызда оқытушының беделін арттыру, еңбек жүктемесін азайту, еңбекақыны көбейту, оқытушыларды өзіне тән емес функцияларға тартуға жол бермеу бойынша және еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған басқа да бірқатар маңызды міндет тұр. Мен байқау жеңімпаздарын бұл марапатпен шын жүректен құттықтаймын және әрқайсысына мықты денсаулық, толағай табыс пен отбасы амандығын тілеймін, – деді министр Асхат Аймағамбетов.