Түнгі тыныштықты бұзғандарға айыппұл салынды

Атырау облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 13 наурыз күні сағат 00:58 шамасында Азаттық даңғылында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде тұратын 27 жастағы азамат 102 операторына қоңырау шалған. Ол өзі тұратын үйдің жоғарғы қабатында орналасқан жалдамалы пәтерде айқай-шу болып, түнгі тыныштықты бұзып жатқанын айтып хабарлама берген.

Хабарламаны тексеру барысында, аталған пәтерді тәуліктік жалға алған 34 жастағы азамат пен 31 жастағы азаматша араларында келіспеушілік орын алып, түнгі тыныштықты бұзғандығы анықталды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабымен (түнгі тыныштықты бұзу) әкімшілік хаттамалар жасақталып, әрқайсысына 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар, жалдамалы пәтердің заңдылығын тексеру мақсатында,  Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына хат жолданды.

Одан басқа, 31 жастағы азаматшаның Атырау қалалық пробация қызметінің есебінде тұрғандығы, яғни, бас бостандығын шектеу жазасына сотталғандығы анықталды. Сот жүктеген шектеулерді бұзып, кешкі сағат 22:00 ден таңғы 06:00 аралығында тұрғылықты мекенжайында болмағаны үшін, Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесінің департаментіне шешім қабылдауға іс-құжаттар жолданды.

Айта кетейік, жыл басынан бері түнгі тыныштықты бұзған 200-ге жуық тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.