Исатай ауданына жаңа әкім тағайындалды

ҚР Президенті әкімшілігі және аудандық мәслихаттың келісімімен Полымбет Хасанов Исатай ауданының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды

Жаңа әкімді аймақ басшысы аудан активіне таныстырды.

Осыған дейін ауданды 4 жылға жуық басқарған Марат Мурзиев өңіраралық ішкі ротациялауға сәйкес, басқа жұмысқа ауысуына байланысты Исатай ауданы әкімі лауазымынан босатылды.

Полымбет Максимұлы 1980 жылы Индер ауданы Индербор кентінде дүниеге келген.

Білімі жоғары, Қазіргі заманғы гуманитарлық университетін «Заңгер» мамандығы бойынша аяқтаған. 2002–2005 жылдары облыстық Ішкі істер департаменті жүйесінде жұмыс істеген.

2019 жылдан қазіргі уақытқа дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.