Көктемгі ҰБТ басталды

Бүгін Қазақстанның 12 өңірінде көктемгі ҰБТ басталды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

– Қазақстанның 12 өңірінде тестілеу басталады, – деп жазды Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов Facebook-тегі парақшасында.

Оның айтуынша, Қарағанды облысында көктемгі ҰБТ 18 наурызда өтеді.

Бұл жолы жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсуді жоспарлаған талапкерлер үшін ұйымдастырылған Ұлттық бірыңғай тестілеу компьютер арқылы өтеді. Бұған дейін көктем айындағы тестілеу тек 10 күнге созылса, биыл қатысушыларға 1 ай уақыт берілді. Наурыздағы ҰБТ-ға қатысуға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығы сайтында жүргізілді. Пәндер саны әдеттегідей бесеу: үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша тестілеу жүргізіледі. Тестілеуге жалпы 4 сағат (240 минут) беріледі. Максималды балл – 140.

Тестілеу электронды форматта «бір оқушы – бір компьютер – бір камера» қағидасы бойынша өтеді. Сондай-ақ, прокторинг жүйесі қолданылады, бейнебақылау орнатылады. Тұлғаны цифрлық сәйкестендіру жүйесі – Face ID ҰБТ-ға қатыспақ болған бөтен адамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Осының барлығы академиялық адалдық қағидаларының сақталуын бақылауды күшейтуге жағдай жасайды.
ҰБТ өткізу кезінде санитарлық талаптар сақталатын болады.