Әлем - 10.03.2021

Қырғызстанда қарулы жиһад жоспарлағандар ұсталды

Қырғызстанда халықаралық террористік ұйымның мүшелері ұсталды. Sputnik.kz-тің хабарлауынша, бұл туралы елдегі мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлімдеген. 

Қырғызстан мен шетел азаматтарын ұстау кісі өлтіруге дайындық фактісі бойынша қылмыстық іс аясында жүргізілген. МҰҚК ұсталған үш азаматтың суретін жариялады.

– Бұл топтың жұмысын Сирия аумағындағы халықаралық террористік ұйымның басшылары үйлестіріп отырған. Олар елдегі қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыру арқылы Қырғызстанда қарулы жиһад ұйымдастыруды көздеген. Топтың кейбір мүшелері террористік ұйымдардың лагерінде арнайы жауынгерлік дайындықтан өткен, – делінген хабарламада.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер қолдан жасалған жарылғыш зат пен атыс қаруын қолдану арқылы кісі өлтіруді жоспарлаған. Қазір олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.