Түрмедегі кездесулерге рұқсат етілді

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаменті қарасты бас бостандығынан айыру мекемелерінде (УГ-157/1, УГ-157/9, УГ-157/11) ұзақ мерзімді кездесулерге рұқсат берілді. Бұл туралы Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

– Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес ұзақ мерзімді кездесулер 2 тәуліктен аспайды. Ұзақ мерзімді кездесу белгіленген тәртіп бойынша беріліп, кездесуден шыққан сотталғандар 14 күнге карантинге орналастырылады. Ал кездесуге келген туысының ПТР-тестілеудің теріс қорытындысы болып, сынама нәтижесі 5 күннен аспауы тиіс. Бұл өзге сотталғандардың денсаулықтары үшін жасалынып отырған амал, – дейді Атырау облысы бойынша ҚАЖД бастығы Манарбек Габдуллин.

Айта кету керек, карантин кезінде сотталған азаматтар туыстарымен таксафон және бейнебайланыс арқылы байланысып отырды. Сондай-ақ, тергеуде отырғандар үшін қорғаушылары емін-еркін кіріп шығулары үшін жағдайлар жасалынып, білім алатын сотталғандар үшін дәрістер онлайн жүргізілді.

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің баспасөз қызметінде, Департаментке қарасты барлық мекемелерде санитарлық талаптардың қатаң сақталып отырғандығын ерекше атап өтті.