Мал мен ет өнімін заңсыз сатқан 25 тұлға жауапкершілікке тартылды

Атырау облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ақпан айының 23–25 аралығында  «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс шарасы өткізілді. Елдімекендерден шығар жерлерге 14 бекет пен автокөлік жолдарына 35 тосқауыл қойылды.    
–  Мал және ет өнімдерін тасымалдайтын автокөліктер мен ет өнімдерін сататын базарларды тексеру үшін 10 топ құрылып, олармен мал және ет өнімдерін тасымалдайтын 305 автокөлік,  мал және ет өнімдерін сататын 146 орын мен 452 шаруа қожалығы тексерілді.
Нәтижесінде малдар мен ет өнімдерін құжаттарсыз тасымалдаудың – 19, ал мал мен ет өнімдерін құжаттарсыз сатудың 6 фактісі анықталып, 25 тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабына сай әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.
Сондай-ақ, ЖПІШ барысында ауыл шаруашылығы жануарларын иелерінің немесе олар уәкілеттік берген адамдардың қадағалауынсыз жаюдың 155 фактісі анықталып, 155 тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабына сай әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, «Мал ұрысы» жедел профилактикалық іс-шарасының қортындысымен заңсыз мал союмен айналысқан – 5, ұрланған малды сатқан – 2, ұрланған ет өнімін сатушы – 1 және малды заңсыз тасымалдаушы 10 тұлға  есепке алынды.