Наурыздан бастап карантин жеңілдемек

1 наурыздан бастап Қазақстанда карантин талаптары жеңілдейді. Жағымды жаңалықты Facebook парақшасы арқылы Атамекен ҰКП төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева хабарлады.

– Жақсы жаңалық! Ведомствоаралық комиссияның отырысында коронавирустың таралу қарқынының төмендеуіне байланысты «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының бірқатар ұсынысы қабылданды, – деп жазды палата төрағасының орынбасары.

Оның сөзінше, 1 наурыздан бастап рұқсат етіледі:

Жасыл аймақта:

1) жанкүйерлер қатысатын спорт жарыстары (қатысушылар саны талқыланып жатыр);

2) 50 адамға арналған еске алу асы (залдың 30% ғана толтыра отырып);

3) бильярд қызметі;

4) ғимараттардағы балаларға арналған ойын-сауық клубтарына;

5) цирктарға;

Сары аймақта:

1) боулинг қызметі;

2) компьютер клубтарының қызметі;

3) фитнес-орталықтар, бассейндер – жасыл және сары аймақтар үшін жұмыс істеуге рұқсат етілді.

Базарлар мен сауда, ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері жексенбі күні де жұмыс істей алады.

– Жалпы алғанда санитарлық талаптарды сақтай отырып, бизнестің жабық нысандарының да жұмыс істеуіне рұқсат етуге болады деген түсіністік бар, – деп жазды палата өкілі.