«Мұнайшы» бассейні күрделі жөндеуден өтуде

Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, Мемлекет басшысының бюджет шығындарын оңтайландыру туралы тапсырмасына сәйкес бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру мақсатында «Мұнайшы» жүзу бассейні сенімгерлікпен басқаруға берілді.

Осыған дейін кешеннің жәй-күйі бойынша халықтан түрлі арыз-шағымдар келіп түсті. Сенімгерлікке алған ұйым Атырау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұсынысымен жүзу бассейнін толықтай күрделі жөндеуден өткізуді бастап кетті.

– Сенімгерлік басқарушылар «Мұнайшы» бассейінін жаңартуды наурыз айының соңына қарай аяқтауды жоспарлап отыр. Дәл осы жолмен шығындарды оңтайландыру жұмыстары келешекте жүйелі жалғасын табатын болады,– дейді басқарма басшысы Ринат Ибрагимов.

Айта кету керек, қазіргі таңда су спорты түрлері клубында 609 бала спорттық секцияларда тегін шұғылданады. Онда жүзу, су добы, триатлон, суға секіру секілді спорт түрлері бар.