Қазақ телевизиясының Нұртілеуі өмірден өтті

Бүгін таңертең 70 жасқа қараған шағында Қазақ телевизиясында 45 жыл қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті. Бұл туралы «Қазақстан» ұлттық арнасы хабарлады.

Нұртілеу Иманғалиұлы «Құрдастар», «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас»,  «Айна», «Жас жігер», «Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көршілер», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» авторлық бағдарламалары арқылы қалың көрермен есінде қалды.

2006–2007 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік Қоғамының Басқарма Төрағасы, одан кейінгі жылдары «Қазақстан РТРК» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарды. Соңында ізбасар шәкірттер тәрбиеледі.