Наурызды іздестіру тоқтатылды

11 күн бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен 30 жастағы Наурызды іздеу тоқтатылды.

Атырау қаласына таяу орналасқан Қайыршақты ауылынының тұрғыны, 30 жастағы Наурыз Әйтекешов 5 ақпан күні кешкі мезгілде үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Төрт күннен соң оны іздеуге тікұшақ жұмылдырылды.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі басшысының орынбасары Самат Құмашевтің айтуынша, 15 ақпан күні кешке жоғалған жігітті іздеу тоқтатылды.

– Өкінішке орай, іздестіру жұмыстарынан нәтиже болмады. Он күнде Жайық өзенінің екі жағалауындағы елдімекендер, оның ішінде қаланың аумағы, туристік базалар мен қыстаулар, саяжайлар тексерілді. Сондай-ақ, қараусыз қалған құрылыс нысандарына, құдықтар мен траншеяларға да барлау жасалды, – деді ол.

Іздестіру жұмысына арнайы көліктер, тікұшақ, қызметтік иттері бар кинологтар тобы, еріктілер тартылған.