Медқызметкер жасөспірімдер төбелесін жасырған
Атырау облысының полицейлері 12–14 ақпанда «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтаған.
– Іс-шара кезінде 88 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 82 ата-ана мен 6 жеке тұлға жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер органдарына кәмелетке толмаған 79 жасөспірім әкелінді. Сондай-ақ, 2 оқушының төбелес салдарынан аудандық ауруханаға жүгінгені белгілі болды. Төбелескен оқушыларды медицина қызметкері қараған. Бірақ денсаулық сақтау саласы қызметкерінің әкімшілік құқықбұзушылық дерегін полиция органдарына уақытылы хабарламағаны анықталды. Осыған орай медицина қызметкеріне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 127-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, ювеналды полиция инспекторлары 45 қолайсыз отбасы мен әртүрлі санатпен есепке алынған кәмелетке толмаған 18 жасөспірімді тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерінің алдын алу мақсатында 45 қолайсыз отбасымен профилактикалық сұхбат жүргізіліпті.
– Бала тәрбиесімен айналыспай, жүйелі түрде алкоголь ішімдігін пайдаланушы ретінде есепке алынғандардың бірі – 1982 жылы туған Атырау тұрғыны. Оның кәмелетке толмаған балаларының көзінше ішімдік ішкені анықталып, оған қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды. Ішкі істер органдарының есебіне кәмелетке толмаған 11 жасөспірім мен 7 қолайсыз отбасы тіркелген, – деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.