Атырау университеті 30 аудиториямен толығады
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 30 аудитория жасақтау қолға алынды.
– Мемлекет басшысы ел тарихындағы елеулі мереке кезінде құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беруге болмайтынын, әрбір шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыру қажеттігіне баса назар аударды. Осыған орай университетте бірнеше жобаны іске асыруды көздеп отырмыз. Біріншіден, студенттерге сапалы білім алу үшін мықты материалдық-техникалық база мен қолайлы аудитория жасақтау. Екіншіден, оқытушыларға көңілге қонымды еңбекақы төлеу, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, көтермелеу мен біліктілігін жетілдіруге қолдау көрсету. Үшіншіден, университетті өңірдегі білім мен ғылымның драйверіне айналдыру. Сондай-ақ, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 30 аудитория жасақтау жобасы қолға алынды, – дейді университет ректоры Саламат Идрисов.
Оның айтуынша, 30 аудиторияның алғашқысы – профессор Бақтығали Қабуұлы Ғапуов атындағы аудитория. Бұл аудитория ғалымның отбасы мен 1979–1984 жылдары дәріс алған шәкірттерінің демеушілігімен ашылған.
– Профессор Бақтығали Ғапуов 1971 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің биология факультетін бітірген. Сол кезден бастап 2018 жылға дейін 47 жыл бойы осы университетте шәкірт тәрбиеледі. Сондықтан, ғылыми еңбектер мен әдістемелік оқу құралдарын шығарған профессор атындағы аудиторияның кейінгі ұрпаққа берер тәрбиелік мәні зор. Бұл аудитория студенттердің сапалы білім алуына да мүмкіндік береді, – дейді Саламат Идрисов.