Қазақстанның сыртқы қарызы қанша?

Қазақстанның сыртқы қарызы 160,9 миллиард долларға жетті. Оның 80%-ы мемлекет те, қарапайым азаматтар да жауап бермейтін жеке ұйымдардың міндеттемелеріне тиесілі. Бұл туралы Ұлттық Банктің Төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаев мәлімдеді.

– Сондықтан бұл ақша бюджеттің немесе халықтың қаржысы есебінен төленбейді. Мемлекеттік сыртқы қарыз ел борышының 8,2%-ын немесе 13,2 млрд. АҚШ долларын, ал квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы – 12,5% немесе 20,1 млрд. АҚШ доллары. Бұл жалпы алғанда ІЖӨ-ге шаққанда 18,8% және халықаралық тәжірибеге сәйкес, қауіпсіз деңгейге жатады, – деді ол.

Деректерге сәйкес, елдің сыртқы қарызының құрылымында ең көп үлесті жеке сектордың фирмааралық берешегі алып отыр (101,3 млрд. АҚШ доллары немесе 62,9%), оның маңызды бөлігі шетелдіктердің қатысы бар үш ірі жоба – Қашаған, ТШО мен Қарашығанаққа тиесілі. Мұндай жобаларды іске асыру үшін шетелдік инвесторлар Қазақстанда тіркелген өз тобының компанияларын қаржыланырады. Халықаралық әдіснамаға сәйкес, осындай инвестициялар да елдің сыртқы қарызы болып саналады.