Аққыстауда тұрғын үйлер салынып, саябақтар жөнделуде
Атырау облыстық коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бұл туралы бүгін өткен жылы атқарылған жұмыстардың есебін берген Исатай ауданының әкімі Марат Мурзиев айтты.
– Қазіргі таңда Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында үш қатарлы 60 пәтерлік үш тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Және жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрған азаматтарға 181 жер учаскесі берілді. Енді кезекте 455 адам қалды, – деп атап өтті Марат Мурзиев.
Сондай-ақ, әкім Исатай ауданы орталығында жаңартылған Жастар саябағы пайдалануға берілетінін атап өтті.
– Аққыстау ауылында Жастар саябағына ойын жабдықтарын орнату және ойын алаңдарын жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Және ондағы орталық алаңды күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, – деді Исатай ауданының әкімі.
Бұдан бөлек, өткен жылы Исатай ауданы орталығында «Qazaq eli», «Жастар саябағы», «Ардагерлер аллеясына» сәулеттік нысандар орнатылған.