Алдағы 5 жылда Қазақстан толықтай 5G желісіне қосылады

ҚР үкімет басшысы Асқар Маминнің сөзінше алдағы бес жылда Қазақстанда 5G желісі іске қосылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады. 

– Цифрландыру экономика саласында да, адам өмірінде де өте маңызды мәселе екенін айта кеткен жөн. Барлық жерде жұмыс, білім беру саласы қашықтан жалғасып жатыр. Бұл цифрлық экономиканың айтарлықтай маңызды екенін көрсетеді. Пандемия Қазақстанның экономикасы тұрақты екенін көрсетті. 2020 жылы Қазақстан электронды үкіметті дамыту бойынша 29-орынға тұрақтады. Біз ары қарай да цифрландыруды дамытуды мақсат етіп отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, біз қазіргі таңда мемлекеттік органдарды толығымен цифрландыру жұмыстарын жүргізудеміз. Ақпарат жинау және анализ жасау жолында цифрлық инновацияларды қолдана отырып, жаңа жүйелерге жол бастайтын боламыз. Алдағы бес жылда Қазақстанның барлық облыстары мен аймақтары 5G интернетпен қамтамасыз етіледі, – деді Мамин.

Сондай-ақ, ол сандық шешімдердің мемлекеттік және жеке секторлардың барлық салаларына енетінін атап өтті.