Атырау мұнай өңдеу зауытында қоқыс сұрыптау жобасы енгізілді

«АМӨЗ» ЖШС-нің қоғаммен байланыс қызметінің мәліметінше, «Жасыл кеңсе» экологиялық жобасын іске асыру аясында зауыт аумағында 38 арнаулы қоқыс алаңы жабдықталған. Әр алаңға түрлі контейнерлер қойылған. Мәселен, шыныны, қағазды, пластик пен сұрыпталмайтын қалдықтарды бөлек жинауға арналған бір кубтық 4 ыдыс, құрылыс қоқысына арналған 8 кубтық 1 контейнер орнатылған. Шөп пен бұтақ салатын торлы контейнерлер де қарастырылған.
Қалдықтарды сұрыптау қоқысты одан әрі өңдеу үшін бөлуге мүмкіндік береді.
– Өндірістік цехтардың әкімшілік-тұрмыстық корпустарында үш секциялы 57 эко-ыдыс, ал жыл соңына дейін тағы 39 данасы кеңсе ішінде орнатылады. Жаңа ыдыстарды пайдалану тәсілі оңай. Контейнерлер қалдықтың түріне қарай әр түске боялған. Мәселен, қағаз салатын ыдыстың түсі – көк, пластикке – сары, шыныға – қызыл, сұрыпталмайтын қалдықтарға арналған ыдыс сұр түске боялған. Әр ыдыста қалдықтарды сұрыптау ережелері мен шектеулер туралы толық ақпарат бар, – деп хабарлады кәсіпорынның қоғаммен байланыс қызметі.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау, сондай-ақ, зауыт аумағынан шығару үшін мердігер таңдалған. Сұрыпталмаған қалдықтар «Спецавтобаза» ЖШС-нің қоқыс полигонына, ал сұрыпталатын қоқыс арнаулы кәсіпорындарға өңдеуге жіберіледі.

​– «АМӨЗ» ЖШС аталған экологиялық жобаны енгізіп, мұнайлы өлкедегі қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлесін қосып отыр. Зауытта «Жасыл кеңседен» басқа ҚР Экологиялық Кодексі аясында бірқатар іс-шара жүзеге асырылуда.
Оның ішінде «Tazalyq» жобасы да бар. Бұл жобаға сәйкес, механикалық және биологиялық тазарту құрылыстарын қайта жаңарту, булану алаңдарын рекультивациялау жүргізіледі, – деп мәлімдеді кәсіпорынның қоғаммен байланыс қызметі.