Тоңазытқыштағы сәби өліміне қатысты сот үкімі шықты

Бүгін Атырау соты облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлеріне жаңа туған нәрестені қасақана өлтірді деген айыппен үкім шығарды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

– Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен кінәлі деп танылған облыстық перинаталдық орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев – 18 жылға, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан – 16 жылға, акушер Жәмила Құлбатырова 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі, 3,7,14-тармақтарымен айып тағылды. Неонатолог дәрігерлер Руслан Нұрмұхамбетов пен Дариға Жұмабаеваның үш жылға бас бостандығы шектелді. Олар қылмыс туралы хабарламағаны үшін сотталды, – деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетсек,  2019 жылдың 29 қыркүйегінде Атырау перинаталдық орталығында дүниеге келген нәресте қимылсыз жатқандықтан, дәрігерлер сәбиді өлі туды деп тіркеген. Алайда сәбиді тоңазытқыш камераға апарған кезде оның аяғы қимылдай бастаған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, дәрігерлер құжатты түзетпеу үшін оны тоңазытқышта қалдыру жөнінде шешім қабылдаған.