Темекі ұрлаған азамат 5 жылға сотталды

Атырау қаласының №2 соты қылмыстық іс бойынша үлкен көлемдегі темекі партиясын ұрлағаны үшін жергілікті тұрғынды кінәлі деп таныды. Бұл туралы Sputnik.kz хабарлады.

Қаржы мониторингі комитетінің Атырау облысы бойынша экономикалық тергеулер департаментінің мәлімдеуінше, айыпталушы тіркемесі бар жүк көлігін айдап кеткеннен кейін ұсталған. Тіркемеде жалпы сомасы 268 миллион теңгеден асатын 1 690 қорап темекі өнімі болған.

Тауар қылмыстық істі тергеу аясында заттай айғақ деп танылды.

– Атырау қаласының №2 сотының үкімімен күдікті Қылмыстық кодекстің 188-бабының 4-бөлімінің 3-тармағы «Ұрлық» мен 200-бабының 2-бөлімінің 1-тармағы «Тонау мақсатынсыз автомобиль немесе басқа да көлік құралын заңсыз иелену» бойынша кінәлі деп танылды, – делінген хабарламада.

Сот айыпталушыға қатысты бес жыл бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Одан бөлек, сотталушы 268 миллион 304 мың теңге көлеміндегі материалдық шығынды өтеуі керек.