Кеше жоғалған 3 адам табылды

14 қаңтар күні Атырау облысында ұйытқуы 18-19 м/с дейін жететін қатты жел тұрып, тұрғын үйлер мен ғимараттардың шатыр бөліктерінің қирау оқиғалары болды.
Атырау облысы ТЖД-ның мәліметінше,  өңірде желдің күшеюіне байланысты, төтенше жағдайлар туындаған кезде оны жою жұмыстарын ұйымдастыру үшін Департаменттің жедел штабы құрылған.
Қатты жел салдарынан Қызылқоға және Жылыой аудандарында тұрғындардың жоғалу фактілері тіркелді.
14 қаңтар 18 сағат 54 минутта Жылыой ауданы Құлсары қаласы «Есен-Аман» шаруа қожалығының қой бағып шыққан екі қойшысы 15:30-ден бері хабарсыз кеткені жөнінде хабарлама келіп түскен.
– Шақырту орнына «ТРЭКОЛ» автокөлігімен Департаменттің аумақтық бөлімшелерінен 4 қызметкер және «Есен-Аман» шаруа қожалығынан 1 адам барды.
Іздестіру тобы 23 сағат 35 минутта Құлсары – Мұқыр тасжолы бойымен  Құлсары қаласынан 70 шақырым қашықтықтағы «Есен-Аман» шаруа қожалығына қарасты Шолтақай деген учаскедегі мал қыстағына жетіп, радиусы 30 шақырым болатын аумақта іздестіру жұмыстарын жүргізді.
Іздестіру нәтижесінде, 02:50-де «Казтрансойл» АҚ-на қарасты №3 Мұнай айдау стансасына тартылған электржелісінің 306-шы электрбағанасының тұсынан жоғалған 2 азамат табылды. Оның бірі 1978 жылғы Ақтөбе облысының тұрғыны болса, енді бірі 1982 жылғы Өзбекстан Республикасының азаматы, – делінген хабарламада.
Қойшылардың айтуынша, қатты жел салдарынан топырақ борап, бағып жүрген 950 бас қой мен мінген 1 бас жылқы малынан айырылып қалған және бағыттарынан адасып кеткен.
Жоғалған азаматтардың денсаулығын тексеру үшін, Құлсары қаласындағы аудандық орталық ауруханаға жеткізді. Дәрігерлердің айтуынша, денсаулықтары бірқалыпты.
Сол күні сағат 20:20 минутта Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылына қарасты Аттырған елдімекені «Даулет» шаруа қожалығынан сағат 15:00-де 1986 жылғы азамат УАЗ автокөлігімен Жангелдин ауылына шығып кеткені және әлі уйіне оралмағаны жөнінде хабар келіп түскен.
Іздестіру жұмыстарына №10 Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, аудандық полиция бөлімінен жалпы есеппен 6 қызметкер 1 бірлік «ТРЭКОЛ» автокөлігі жұмылдырылды.
Іздестіру жұмыстары нәтижесінде, сағат 23:55-те Миялы ауылынан 57 шақырым қашықтақта Жангелдин ауылдық округіне қарасты, Жамансай участігі маңынан «УАЗ» автокөлігімен бағытынан адасқан азамат жанар-жағармай бітіп тұрып қалған жерінен табылды. Жоғалған азаматтың автокөлігіне 20 литр жанар-жағармай құйылып, «ТРЭКОЛ» автокөлігімен ілестіріліп Жангельдин ауылына жеткізілген.
Табылған уақытта жоғалған азамат дәрігерлік көмекті қажет етпейтіндігі анықталды.