Жаңа сайланған депутаттарға мандаттар тапсырылды

Жаңа сайланған облыстық мәслихат депутаттарына мандаттар тапсырылды. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Іс-шараға аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов қатысты.
VІІ шақырылған Атырау облыстық мәслихатының І сессиясында «Облыстық мәслихат депутаттарын сайлаудың қорытындылары жөнінде» облыстық сайлау комиссиясының хабарламасы жарияланды.
Сонымен қатар, VІІ шақырылымда жергілікті мәслихат депутаттарының саны 134-тен 141-ге өскені айтылды. Нақтырақ айтсақ, облыстық Мәслихат депутаттарының саны 27-ден 31-ге, ал, Атырау қалалық Мәслихаты депутаттары 19-дан 24-ке, Жылыой аудандық Мәслихатының депутаттары болса, 15-ке артқан.
– Алдарыңызда сайлауалды бағдарламаны орындау мен жаңа реформаларды жүзеге асыру міндеттері тұр. Халықты толғандыратын мәселелерді шешудің жүйелі жоспарын жасап, тиімді жолдарын табу қажет. Өзекті мәселелерді шешіп, ел игілігі үшін бірлесе қызмет етуге шақырамын, – деді өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов.
Сондай-ақ, VI шақырылым депутаттарына өңірдің әлеуметтік дамуына қосқан үлесі үшін Атырау облысының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табыс етілді.