50-ге жуық хабарлама – отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Атырауда демалыс күндері 102 операторына отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 50-ге жуық хабарлама түскен.

– Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың негізгі фактілері спирттік ішімдіктерді асыра пайдалану, жұбайын өзіне бағындыру, қызғану салдарынан, отбасылық қатынастағы өзге де даулы себептерден туындайды. Көбіне азаматтық некедегі немесе  дәм-тұзы жараспай ажырасқан жұбайлары үйлеріне келіп, жанжал шығарады, – деп хабарлады Атырау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ерлан Биғамбаев.

Мысалы, 1 қаңтар күні сағат 02:45 шамасында 102 операторына Құлманов көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде тұратын 34 жастағы әйел хабарласқан. Ол 35 жастағы некедегі жолдасы ішімдік ішкен күйінде жанжал шығарғанын және маңдайынан жарақат салғандығын айтып, хабарлама берген.
Қоңыраудан кейін учаскелік полиция инспекторларымен азаматшаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, қорғау нұсқамасы шығарылып, некедегі жолдасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, аталған азамат сот шешімімен 3 (үш) тәулікке қамауға алынды.

Одан басқа, 2 қаңтар күні сағат 18:00 шамасында Бірлік поселкесінің 20 жастағы тұрғыны 42 жастағы әкесінің  ішімдік ішкен күйде жанжал шығарып жатқандығы туралы хабарлама берген. Аталған хабарламаны тексеру кезінде, 42 жастағы азамат мас күйінде болғандықтан бір тәулікке №2 қалалық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына жатқызылып, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, сотта  20 жастағы азаматша әкесіне кешірім беруіне байланысты, жанжал шығарушы азаматқа сот шешімімен ескерту берілді.